"Ertis" ФК-ның бұрынғы директоры Ардақ Торсықбаевқа қатысты сот үкімі шықты

1320

Өткен жылдың мамыр айында "Ertis" ФК тағы бір бұрынғы директоры бас бостандығынан айырылған болатын.

"Ertis" ФК-ның бұрынғы директоры Ардақ Торсықбаевқа қатысты сот үкімі шықты

Павлодардың №2 соты "Ertis" футбол клубының бұрынғы директоры Ардақ Торсықбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz Pavlodarnews.kz-ға сілтеме жасап.

Футбол клубының бұрынғы басшысы ҚР Қылмыстық кодексінің 245 бабының 3 тармағы (декларация табыс ету міндетті болып табылған кезде декларацияны табыс етпеу не салық салынатын басқа да объектілерді және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді жасыру жолымен декларацияға табыстар және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, егер бұл іс-әрекет ірі мөлшердегі салықты және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді төлемеуге әкеп соқса) айыпталуда.

Мәселен, 2018 жылдың 1 сәуірі мен 2019 жылдың 31 наурызы аралығында бюджетке клубтан жалпы сомасы 300 600 607 теңгеге салық түспеген.

Ардақ Торсықбаевтың өзі кінәсін мойындаудан бас тартты.

Оның сөзіне қарағанда, ол салықтың төленбегені туралы білмеген. Ал барлық есепті бас бухгалтер жүргізген. Одан бөлек, Ардақ Торсықбаев салық бойынша қарыз барын біле сала сол кездегі облыстық футбол федерациясының көмегін сұрағанын айтты.

Айтуынша, федерация басшылығы қарызды өтеуге қажет қаражатты тауып беретініне уәде берген. Оған дейін клубта бар ақшаны пайдалануды нұсқаған.

"Торсықбаев жаттығуға, ал есепші – қаржылық мәселелермен айналысқан. Толықтай оған сендім. Салықтың қалай төленіп, мәліметтер қате жіберіліп жатқаны туралы есепші маған айтпайтын. Электронды-цифрлық қолтаңба бухгалтердің компьютерінде орнатылды. Ал Торсықбаев құжаттарға өздігімен қол қоймаған", – деп жазылған сот кабинетінде жарияланған үкімде.

Алайда отырыс кезінде "Ertis" бұрынғы басшысы барлық құжаттарға өзі қол қойғаны анықталды.

Сот айыпталушының оң мінездемесі, мемлекеттік қызметтегі 25 жылдық еңбек өтілі мен салықтан жалтару "Ertis" ФК мүддесін қорғау үшін жасалғанын есепке алды.

Нәтижесінде, Ардақ Торсықбаевты минималды қауіпсіздігі бар мекемеде үш жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылдады.

Алайда амнистияға байланысты жаза мерзімі екі жылға дейін қысқартылды.

Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында "Ertis" ФК тағы бір бұрынғы директоры Серік Омарханов ҚР Қылмыстық кодексінің дәл осындай бабының 1 тармағы бойынша сотталып, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2019 жылдың 22 мамырынан 2020 жылдың ақпанына дейін клуб директоры лауазымында жұмыс істеген. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу