Ертіс өңірінде бір жылда 54 мыңнан астам аң мен құс ауланды

1557

Балық аулау бойынша 150 мың тонна лимит толығымен игерілген.

Ертіс өңірінде бір жылда 54 мыңнан астам аң мен құс ауланды

Павлодар облысында 2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығындағы аң аулау маусымында 54 мыңнан астам аң мен құс ауланды. Бұл туралы Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Ернар Шекеев мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"15 ақпанда аңшылық маусымы аяқталады. Осы маусымда 120 мыңға жуық аң аулау лимиті бекітілген болатын. Оны төрт аң аулауды жүзеге асыру орталықтары атқарды. Олар әр аңның басына белгіленген қаржыны үкіметке төлеп, басқармамыздан аң аулауға рұқсаттама алады. Содан кейін рұқсаттаманы халыққа таратады. Әрі аң аулауға өздері бақылау жүргізеді. Өздерінен шығынды рұқсаттама бойынша ауланған аңдарды сату арқылы өтейді. Қазіргі уақытта төрт орталықта 54 мыңнан астам аң мен құс аулаған. Сондай-ақ ғылыми бағытта зерттеу жасау үшін 68 бас аң ауланды", – дейді Ернар Шекеев.

Бөлім басшысы балық аулау бойынша 150 мың тонна лимит толығымен игерілгенін атап өтті.

"Облыс аумағында тіркелген 54 көлден 150 мың тонна балық ауланды. Ал, құстардан ең көп ауланғаны – үйрек. Лимит көрсеткіші – 70 мыңға жуық болған болса, ауланғаны 30 мың шамасында. Түбітті аңдардың ішінде көбінесе қоян ауланды. Лимит – 14 мың, ауланғаны – 5 мыңнан астам", – дейді ол.

Ернар Шекеевтің айтуынша, көктем мезгілінде аң аулауға тыйым салынған. Айта кетейік, 2018-2019 аң аулау маусымында аңшылық заң бұзушылық бойынша үш факті, заңсыз балық аулау бойынша бір факті тіркелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу