Шарбақты ауданындағы Сейтен тұзды көлінің жағасында 21 шілде күні жас бұлан табылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Аудан әкімдігінен хабарлағандай, бұлан шамамен 3-5 жасарлық. Жабайы жануардың өлексесі Галкин ауылдық округінің аумағындағы Сейтен тұзды көлінің жағасында жатқан.
"Сыртқы зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Көзбен шолып қарау кезінде жануардың 5-7 күн бұрын өлгені анықталды, себебі іші ісіп кеткен", – деп хабарлады аудандық ветеринария бөлімі басшысының м.а. Сержан Қапкенов.
Дегенмен, мамандар жануардың тұзды судан улануы мүмкін екенін де айтады.
"Бәлкім, жас бұлан Сейтен көлінен су ішкен кезде тұзды су ішектің шырышты қабығы мен асқазанын күйдіріп жіберген. Тұзды су жануардың асқазанына түскеннен кейін шамамен жарты сағаттан кейін өлген",– деп санайды Сержан Қапкенов.
Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша, атыс қаруы мен іздер, жаралар, сондай-ақ тері жамылғысының көзге көрінетін зақымдары анықталмаған.
Бұланның өліп қалуы соңғы бес жылда Шарбақты ауданында алғашқы рет тіркелген.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметтері бойынша, өңірде 170-ке жуық бұлан мекендейді. Оның 150-і Шарбақты және Аққулы аудандарында кездеседі.