Ертіс өңірінің егіншілері бүгіннен бастап жеңілдетілген бағамен берілетін дизельдік отынға электронды түрде өтініш жолдауды бастады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің бас маманы Дамир Елеусіз мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Алдағы күзгі егін жинау жұмыстары үшін бөлінген бір литр дизельдің бағасы 150 теңгені құрайды, - деді Дамир Елеусіз. - Бұған дейін өңірдегі шаруашылықтардың басшыларымен жиын өткізілген. Отынды жеткізетін оператор ұйымды өздері таңдады. Жеңілдетілген дизель көктемгі және күзгі егін жұмыстарына ұсынылады".
Маманның айтуынша, күзгі егін жұмыстары үшін өңірде жеңілдетілген бағамен 21 мың тонна отын бөлінген. Оның алты мың тоннасы - шілде айында, жеті мың тоннасы – тамыз және сегіз мың тоннасы – қыркүйек айында беріледі.
Айта кетейік, облыс диқандарының көктемгі жұмыстарына 16 мың тонна дизель бөлініп, толығымен таратылған. Өңірде 500-ге жуық егін шаруашылығымен айналысатын қожалық бар.