Ертіс өңірінде ауа райына байланысты егін егу науқаны бір аптаға кеш басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Қазіргі таңда Успен ауданында "Галицкое" ЖШС ғана 1300 гектар жерде бидай салуды бастады. Жұмыс жоспарына сәйкес ауа райы қолайлы болған жағдайда көктемгі дала жұмыстары маусым айында аяқталу керек. Жалпы биыл егіс алқабының көлемі 1,4 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113 мың гектарға артық. Оның ішінде астық – 710 мың га, майлы дақылдар – 214,8 мың га, жем-азық – 429,8 мың га, картоп – 18,7 мың га, көкөніс – 7,6 мың га, бақша дақылдары – 2,9 мың га", – дейді Марат Шұғаев
Спикер ауыл шаруашылығы тәжірибелі станциясы ұсынған мәліметке сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін қолайлы мезгілді атап өтті.
"Күнбағыс – 5-20 мамыр, рапс – 10 - 20 мамыр, картоп 13 – 17 мамыр, бидай, арпа, сұлы – 15 - 30 мамыр, тары мен судан шөбі – 22 - 30 мамыр және асбұршақты 10 – 15 мамыр аралығында салған дұрыс. Көктемгі егін алқабы өткен жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға артып, 1 миллион гектарды құрады. Ылғал жабу жұмыстары – 637 мың га (79%), көктемгі жер жырту - 105,0 мың га (42%), егістік алдындағы өңдеу - 25,0 мың га (4%) жүргізілді", – дейді Марат Шұғаев.