Ертіс өңірінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беру үшін 40 млн теңге бөлінді

1641

Гранттың максималдық сомасы – 3 млн теңге. 

Ертіс өңірінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беру үшін 40 млн теңге бөлінді

Павлодар облысында "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында грант ұсыну үшін 15 жоба қабылданды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Айдос Сәкенов мәлім етті.

"2017-18 жылдары 30-ға жуық кәсіпкер грант алды, – деді Айдос Сәкенов. – Биыл жобалардың байқауы өтті. 162 өтініш түсті. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп. Шартқа сай келуіне, өміршеңдігіне қарай 15 жоба таңдап алынып, 43 миллион теңгеге қаржыландырылатын болды. Сондай-ақ Жастар жылына орай республикалық бюджеттен қосымша 40 млн теңге қаржы бөлінді. Ол қаржы 29 жасқа дейінгі кәсіпкерлердің жобасын қолдауға арналған".

Спикердің айтуынша, "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында гранттарды шағын кәсіпкерлік субъектілері, бастауыш кәсіпкерлер, жас кәсіпкерлер ерекше қажеттіліктері бар әйелдер және 50 жастан асқан тұлғалар ала алады.

Гранттың максималдық сомасы – 3 млн теңге. Міндетті шарт – жаңа жұмыс орнын ашу және грант сомасының 10 пайызы көлемінде ортақ қаржыландыру.

Сонымен қатар, грант иегерлерінің жобасы жүзеге аспауына байланысты кейбіреуінің қаржысы кері қайтарылып жатады. "Даму" АҚ Павлодар облысы бойына өңірлік филиалы мониторинг бөлімінің менеджері Арман Әбілқасымов осы уақытқа дейін грантқа ие болған 5 жобаға қаржыны кері қайтару жөнінде сот шешімі шығарылғанын атап өтті.

"Қаржы кәсіпкердің қажетті жабдықтарды алу жөнінде дұрыс құжат тапсырмағанына, уақытылы құжат жинамағанына байланысты кері қайтарылып жатады, – деді Арман Әбілқасымов. – Кейбірі шынымен ісін жүзеге асыра алмай жатады. Жұмыс күшін жинай алмағандар болады. Сондай-ақ отбасылық жағдайлары келіспей қалған жағдайлар орын алады. Айта кетейік, республикалық және жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік гранттарды ұсыну құралы жүзеге асырылғалы бері 251 млн теңге бөлініп, 91 кәсіпкер грантқа ие болды".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу