Павлодар облысында биыл су айдындарына 105 410 тұқы балығының шабағын жіберу көзделіп отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда 14 жануарлар дүниесін пайдаланушы өздеріне бекітілген балық шаурашылығы су айдындарында жұмыс жүргізген.
"Биыл көктемде соңғы 10 жылдың ішінде алғаш рет 12 000 біржылдық тұқы балығы жіберілді, - дейді Қазбек Әметов. – Сондай-ақ күзде 123 420 тұқы балығының шабағы жіберіліп, көрсеткіш 140 пайызға жетті. 2018 жылы тоғыз айдың ішінде балық шаруашылығы бойынша жоспарды тиісті деңгейде және дұрыс орындамаған пайдаланушыларға қатысты материал балық шаруашылығын жүргізу бойынша келісімшартты бұзу үшін облыстық жер қойнауын пайдалану, айналаны қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасына жіберіледі".
Бұдан басқа, шаруашылық жүргізу салдарынан келтірілген шығынның орнын толтыру аясында "Павлодар өзен порты" ЖШС Ертіс өзеніне 156 333, "Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы" АҚ 31 мың және Қ.Сәтбаев атындағы "Қазсушаруашылығы" мекемесі Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына тұқы балығының 777 100 шабағын жіберген.
Сонымен қатар Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында Сабындыкөлге 80 100, Жасыбайға 90 мың тұқы балығының шабағы жіберілген.
"Инспекция өзеннің негізгі арнасынан бөлініп қалған су айдындарындағы балықтарды құтқару жұмыстарына бақылау жүргізеді, - дейді Қазбек Әметов. – Бүгінгі таңда бұл іске екі табиғатты пайдаланушы - "ТУР" ЖК мен "Автотехснаб" ЖШС атсалысуда. Барлығы 12 860 балық құтқарылды. Оның ішінде 4 400-і шортан, 1 270-і алабұға, 1 290-ы торта, 3 400-і мөңке балық, 1 800-і қарабалық және 700-і сазан. Бұл бағыттағы жұмыс мұз қатқанға дейін жалғасын табады".