Ертіс өңіріне ОҚО-дан 300-ден астам адам қоныс аударды

913

Ертіс өңіріне ОҚО-дан 300-ден астам адам қоныс аударды

Ертіс өңіріне еліміздің оңтүстік аймақтарынан 75 отбасы қоныс аударған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген отырыста  өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат  Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Бүгінгі таңда қоныс аударғандардың саны  335 адамға жетті.  Дегенмен,  бұл бағытта кейбір аудандар  дұрыс жұмыс жасамай отыр. Мысалы,  Май ауданына бірде-бір отбасы қоныс аудармаған. Шарбақты ауданында үш отбасы, Железин ауданына бір отбасы ғана келді. Сондықтан аудандар мен қалалардың әкімдеріне сол жақта түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамын. Себебі, әкімдердің өздері барған жағдайда  нәтижесі  жақсы болар еді",- деді Қайрат  Нұрмағамбетов.   

Басқарма басшысының  мұндай ұсынысына облыс әкімі Болат Бақауов бұған тек әкімдер ғана емес, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен бас дәрігерлер де  атсалысуы тиіс екенін атап өтті. "Жарты жылдық бойынша есептеріңізді тыңдайтын боламын", - деді  Болат Бақауов. - Бүгінде 256 бос жұмыс орыны тұр. Сол үшін жауап бересіздер. Бір жарым  айдың ішінде осы бағытта жұмысты реттеуді тапсырамын. Қазіргі күні көктемгі дала жұмыстарына  механизаторлар жетпейді. Сондықтан қоныс аударушыларды отбасылармен бірге шақыру керек".  

Еске сала кетейік, 2017-2021 жылдарға арналған "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында үкімет тарапынан  көшіп келген адамдарға 35 АЕК көлемінде бірреттік төлемақы бекітілген және  12 айдың ішінде баспана жалдап тұруға қаражат бөлінеді. Үй сатып алуға ниет білдіргендерге келісімшарт негізінде шағын субсидия, әлеуметтік сала қызметкерлеріне арендалық үй  ұсынылады. Оралмандар мен ішкі қоныс аударушыларға бөлінетін квота саны биылғы жылға 460 отбасына дейін еселенген. Бұл шамамен 1800-ден астам адам. Бес жылдың ішінде Павлодар облысына жұмыс күші артық өңірлерден 15000-нан астам отбасын көшіру жоспарланып отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу