Ертіс өңіріне жыл соңына дейін 2 мың бас ірі қара әкелінеді

1169

Ертіс өңіріне жыл соңына дейін 2 мың бас ірі қара әкелінеді

Павлодар облысында биылғы жылы "Сыбаға" бағдарламасы аясында 3700 бас ірі қара әкелу жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Бүгінгі таңда 426 бас мал әкелінді, - дейді Нұрболат Мақашев. - Жылдың соңына дейін 2000 бас жеткізу жоспарланып отыр. Шаруа қожалықтары көбінесе қазақтың ақ бас және абердин-ангус сиырларын таңдайды.  Мал шаруашылығында оң динамика байқалады. Ет өндірісі биылғы жылы 4,1 пайызға, сүт өндірісі 3,2 пайызға өскен. Жоспарға сәйкес  биыл 1000 тонна ет экспорттау көзделсе, бүгінгі күні 1183 тонна ет  шығарылған. Нәтижесінде бұл көрсеткіш 118 пайызға орындалды".

Басқарма басшысының айтуынша, тауар өндірушілер "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ және "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы несие ала алады.

Облыс бойынша мал басын арттыру үшін барлық аудандардан өтініш түскен. Оның ішінде Баянауыл ауданы 623 басқа, Май ауданы 606 басқа және Тереңкөл ауданы 428 бас сатып алуға ниет білдіріп, жоғары белсенділік танытқан.

"Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында  қаржыландыру үшін бір басқа 225 мың теңге субсидия қарастырылған. Оған асыл тұқымды малдар жатады. Бұдан басқа, инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басының құнынан 25 пайызы төленеді. Мысалы, 100 мың теңгеге сатып алса, 25 мың теңгенің орны толтырылады", - дейді Нұрболат Мақашев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу