"Ертіс орманы" қызметкерлері бюджет қаражатын талан-таражға салды

751

Павлодар облысының резерватында қылмыстық жүйе құрылған.

"Ертіс орманы" қызметкерлері бюджет қаражатын талан-таражға салды

Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің үстінен қозғалған бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Тергеу барысында резерватта бюджет қаражаты тұрақты түрде қолды болып отырғаны анықталған. 2018-2019 жылдары тек Шалдай филиалының орманшылары ғана өткен жылдары өртенген орманды тазарту үшін жалған құжаттар дайындау арқылы, жалпы сомасы 6,6 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салған. 

Мемлекеттік мекемеде құрылған қабылдау комиссиясы атқарылған жұмыстардың жалған актілерін бекітіп, қылмыстық істі жүзеге асыруға жәрдемдескен. Ағашты заңсыз кесу кезінде де құқық қорғау органдарына мемлекетке келтірілген зиян мөлшерін көпе-көрінеу төмендетіп көрсеткен. Бұл 2 миллион теңгеден астам сомада заңсыз ағаш кесу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді тоқтатуға ықпал еткен. 

Мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын бұза отырып, резерват "бір көзден сатып алу" әдісі бойынша сатып алу туралы шарттар жасасқан. Ал сатып алуды жүзеге асырған жалғыз жабдықтаушы резерваттың бас есепшісінің туысы болып шыққан. 

Сонымен қатар, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ведомстволық бақылау жүргізген кезде қаржы-экономикалық қызмет саласындағы көптеген заң бұзушылықпен қатар, туристік бағыттарды абаттандыру және жалақы мен сыйақыларды есептеуде негізсіз қаржыландыру фактілері болғанын анықтады. 

Тергеу нәтижелері бойынша комитетке құқықбұзушылықты жасауға ықпал еткен жағдайларды жою және кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолданды. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу