"Ертіс орманы" табиғи резерватының 300 гектары жанып кетті

1298

Өрт сөндірушілер "қызыл жалынмен" бір тәулік күресті.

"Ертіс орманы" табиғи резерватының 300 гектары жанып кетті

Кеше сағат 13:35-те "Ертіс орманы" резерватының диспетчерлік қызметі Шарбақты ауданы Галкин орманшылығының аумағынан өрт шыққаны туралы төтенше жағдайлар қызметіне хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Хабар түскеннен кешкі уақытқа дейін оқиға орнына өрт сөндірушілер, табиғи резерваттың орманшылары мен үш ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері, барлығы 206 адам жұмылдырылды. Өрт шарпыған аумақта 50 арнайы техника жұмыс істеді. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Ернұр Өтегенов қатты жел өрт сөндіру жұмыстарына кедергі келтіргенін айтты.

"Барлық күшті жұмылдыра отырып, ауданның екі бірдей ауылына 10-15 шақырым қалғанда өртті сөндірдік. Желдің қатты болғаны соншалық "қызыл" жалын бұл қашықтыққа бірнеше минутта жетер еді. Оған қоса, өрт үлкен аумақты шарпығандықтан әрі сортаң жер болғандықтан, кейбір аумақтарға техникалар кіре алмады. Жаяу жүріп өрт сөндіруге тура келді", - дейді Ернұр Өтегенов.

Ормандағы от бүгін сағат 8:30-да ғана ауыздықталды. Мамандар орман ішіндегі шағын ошақтарды әлі де сөндіріп жүр.

"Тікұшақпен көтеріліп, өрт болған аумақты қарап шықтық. Шамамен 1200 гектар жер жанып кетті. Оның 300 гектары – мемлекеттік орман қоры. Қоршаған ортаға келтірілген материалдық шығын көлемі қызметтік тексеріс аяқталған соң анықталады", - деді Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Алдын ала болжам бойынша, алапат өрттің орын алуына тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы себеп болған.

Айта кетелік, сәуір айынан бастап облыс аумағында 10 дала және орман өрті болып, 1 мың гектарға жуық жер жанды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу