Ертіс өзені арқылы Қытаймен арада жүк тасымалданады

3407

Ертіс өзені арқылы Қытаймен арада жүк тасымалданады

Болашақта Қытай мен Қазақстан арасына Ертіс өзені арқылы жүк кемелері қатынауы мүмкін. Қазіргі таңда "Павлодар өзен порты" АҚ мен Қытай тарапы су жолдары арқылы жүк тасымалдау келісімшартын жүргізуде, деп хабарлайды saryarka-samaly.kz.

Қос тараптың жоба-жоспары бойынша, келесі жылдан бастап көрші елдің шекарасына дейін кокс материалдары жеткізілсе, ол жақтан тұз әкелінбек.

"Павлодар өзен порты" АҚ-ның бас инженері Алексей Гладковтың мәліметіне сүйенсек, мұндағы алып жүк кемелерінің бір барғанда бір мың тонна өнім апаратын мүмкіндіктері бар. Келісімшарт бойынша, жүк тиеген баржалар Ертіс өзені арқылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылының станциясына дейін барады. Бас инженердің сөзінше, жүк кемелері шекаралық ауылға дейін шамамен 1200 шақырым жол жүретін болады.

"Бұл - Павлодар экономикасында бұрын-соңды болмаған аса ауқымды жоба. Екі ел арасындағы келісімшарт бойынша әзірге кокс материалдарын апару көзделуде. Ал, қайтарда алып кемелер бос келмес үшін тұз тиемекпіз. Одан кейін тағы өзгерістер болуы мүмкін. Яғни, көрші ел нарығында жоғары сұранысқа ие өнімдерді тасымалдай береміз. Осы ретте Ертіс су жолының бойында әлі де болса шешіле қоймаған мәселелер бар екенін айту керек. Мысалы, Ертіс өзенінің біздің облысқа қарасты аумағындағы судың тереңдігі тұрақты емес. Су бірде азайып, бірде көбейіп тұрады. Әсіресе, Курчатовқа дейін біраз қиындық болуы мүмкін. Бұл тоғандардың суды тұрақты жіберуіне байланысты. Су деңгейін ұстап тұру үшін минутына 1200 текше метр су жіберілуге тиіс. Ертіс арқылы жүк кемелері жүретіні туралы Шүлбі, Өскемен, Бұқтырма су қоймаларына да хабар берілді. Қажет болған жағдайда олар да қолдау білдіреді", - дейді ол.

Бас инженердің сөзінше, су жолымен жүк тасымалдау Қытаймен ғана шектелмейді. Болашақта Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен байланыс орнауы мүмкін. Яғни, Солтүстік теңіз жолы арқылы және Сібір өзендерінің арнасымен тауар тасымалын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесулер өткізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу