1962 жылы Павлодар қаласында Ертіс өзенінің үстінен салынған көпір 2017 жылы апаттық жағдайда деп танылды. Сол уақыттан бері оның үстінен жүк көліктерінің өтуіне тыйым салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ал қазір тек жеңіл көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустар өзеннің үстімен өтеді. Салмағы 10 тоннадан асатын техникаларға шаһарды айналып өтуден басқа амал жоқ.
Әбден ескірген көпір жол-көлік қозғалысында қиындықтар тудыратыны бар. Жүргізушілер ой-шұңқырлардың көп екенін айтып, жиі шағымданып жатады. Күн жылына сала "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы бұл олқылықтардың орнын толтыруға бекінді. Бүгіннен бастап ескі көпірде жөндеу жұмыстары басталды.
"8 сәуірде жол жабындысын ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл уақытта көпір үстінде бір жолақ жабылып, көліктер екі бағытта да тек бір жолақпен қатынай алады. Сондықтан жүргізушілерден барынша сақ болып, жылдамдық режимін қатаң сақтауды сұраймыз", – деп хабарландыру жариялады Ұлттық компанияның Павлодар облыстық филиалы.
Мамандар жоспарлы істі 11 сәуірге дейін аяқтауды көздеп отыр. Одан кейін көпір үстінде екі бағытта екі бөлек жолақ бойынша бұрынғыдай қатынауға болады.
Айта кетейік, бүгінде дәл осы көпірдің жанынан жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Өткен жылы құрылысы басталған бұл жол 2027 жылы қолданысқа берілмек. Оның жалпы ұзындығы 2,7 шақырым болмақ. Жаңа көпірдің құрылысына қазынадан 38,8 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Ол пайдалануға тапсырылғанға дейін жүргізушілерге апаттық жағдайдағы ескі көпірмен қатынауға тура келеді. Жоспар бойынша, екі жылдан соң жаңа жол ел игілігіне тапсырылса, қазіргі көпір бұзылады. Оның өзіне бірнеше ай керек.