Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы көңіл көншітпейді

Мұндағы жұмысшылар мен техникалар саны аздық етеді.  

Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы көңіл көншітпейді Фото: ҚазАвтоЖол

Павлодар қаласында осыдан жеті жыл бұрын апаттық деп танылған ескі көпрдің орнына жаңасы салына бастады. Алайда 60 жылдан астам уақыт бойы жұртшылыққа қызмет еткен жолды алмастыратын жаңа көпірдің құрылысы қазірден-ақ сынға ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Құрылыс алаңын дайындау жұмыстары Ертіс өзеніндегі су деңгейі сәл төмендеген кезде басталған еді. Бүгінде оң жағалауда байланыстың талшықты-оптикалық желілерін ауыстыру, асфальт-бетонды зауытты жұмылдыру, уақытша жол мен технологиялық алаң салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мердігер компания – "Казахдорстрой" ЖШС өкілдерінің сөзінше, байланыс желілерін қайта жүргізу мен технологиялық алаң дайындау бойынша жұмыстардың 90%-ы аяқталды. Ал құрылыстың өзі 2026 жылдың соңына қарай толығымен тапсырылуы тиіс. 

Алайда таяуда облысқа жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаев осы қалыппен белгіленген істің уақытылы әрі сапалы атқарылатынына күмәнмен қарады. 

"Қазір құрылыс алаңында 40 адам мен 25 техника ғана жұмыс істеп жатыр. Бұл аздық етеді. Жұмыстың барысы көңіл көншітпейді. Қарқынды арттыру керек", - деді министр. 

Өз кезегінде мердігер компания бір ай аралығында жұмысшылар санын 150-ге, ал техниканы 100-ге жеткізуге уәде берді. 

Айта кетейік, Павлодар облысында құрылысы басталған көпірдің жалпы ұзындығы шамамен 700 метрді құрамақ. Мұнда алты тірек бағаны болады. Соның есебінен жолға түсетін жүктеме теңдей бөлінеді. Бұл өз кезегінде көпірдің ұзақ уақыт шыдас беруін қамтамасыз етуі тиіс. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 39 млрд теңге қарастырылып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу