Павлодар облысында Ертіс өзені бойынша ашылған 11 мұз өткелі 1-наурызға дейін жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Серік Шериязданов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Қазіргі таңда өңірде 11 мұз өткелі жұмыс істейді, - дейді Серік Шериязданов. – Нақтырақ айтсақ, Качир, Павлодар, Лебяжі, Май, Железин, Ертіс аудандарында іске қосылды. Өткен жылы ресми түрде алты өткел болған. Жүк көтеру мүмкіндігі мұздың қалыңдығына байланысты 5-7 тоннаны құрайды. Бүгінде Ертіс өзені бойынша мұздың орташа қалыңдығы - 50-55 см".
Спикердің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар аумақтық азаматтық қорғаныс бөлімшелерімен бірге бұл учаскелердегі мұз өткелдері бойынша "Қауіпті аймақ", "Назараударыңыз,жұқа мұз!" сияқты 125 тыйым салу және ескерту белгісін орнатқан.
Мамандар күн сайын мұздың қалыңдығын өлшеу мақсатында мониторинг жүргізеді. Қысқы мезгілде өткелдер ауыл тұрғындары отын және шөп тасымалдауы үшін ашылған. Биылғы жылы Ертіс ауданындағы өткел ғана 10-наурызға дейін ашық болмақ.