Ертіс өзеніне 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

232

Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі табиғатты қорғау мақсатында жүргізіп жатыр.

Ертіс өзеніне 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді Фото: Су ресурсы және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан Павлодар облысы аумағындағы Ертіс өзенінің жайылымына 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ертіс өзенінің жайылмалы аумағындағы флора мен фаунаның тіршілік ету ортасын және табиғи өнімділігін сақтау үшін жыл сайын су жіберіліп тұрады.

Бүгінгі таңда өзеннің орта ағысындағы балықтардың уылдырық шашатын табиғи аймақтары су астында қалды. Сондай-ақ, су жіберу Ертіс өзенінің арнасын тазалауға да бағытталған. 

Қазір Павлодар облысындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілгені және Ертіс өзенінің жайылымды аумақтарын су басқаны байқалып отыр. Павлодар облысында Шідерті өзенінің жайылымына да табиғатты қорғау мақсатында су жіберіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан 60 млн текше метрден астам су бағытталды. 

Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының ауылдық аумағындағы флора мен фаунаны сақтауға, сондай-ақ Әулиекөл көлдер жүйесі, Басентин және Шығанақ көлдерін толтыруға жалпы көлемі 120 млн текше метр су бағыттау жоспарланып отыр.

Бүгінде Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы 9 мың гектардан астам көлтабандар суға толды.

Жалпы алғанда 21 мың гектардан астам алқапқа су жіберу жоспарланған. Табиғатты қорғау жұмыстары басталғаннан бері Шығанақ көліне 10 млн текше метр су келді.

"Табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін су тек қоршаған ортаны және өңірдің табиғи байлығын сақтауға көмектесіп қана қоймайды. Бұл ауыл шаруашылығының, мал шаруашылығының және жалпы Павлодар облысы экономикасының дамуына ықпал етеді. Ал бұл жергілікті халықтың тұрмысына оң әсерін тигізеді", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу