Абай облысына қарасты Курчатов қаласындағы кәріз-тазарту жүйесінен Ертіс өзінен қалдық су құйылды. Бұл жайт шығыстан келетін өзеннен су алатын павлодарлықтарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Курчатов қаласындағы құбырдан ақау шығып, қалдық су өзенге ағып кеткен. Абай облысының экология департаменті оқиға орнына барып, жағдайды растады. Ал ШЖҚ "Курчатов Водоканал" КМК қатысты тексеру жүргізілетін болды.
Аталмыш факт нақтыланған соң павлодарлық экологтар мен санитарлық дәрігерлер судың құрамын зерттеуге кірісті. Химиялық, бактериалогиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша алынған сынақтың нәтижесінде бірнеше күн дересінде дайын болуы тиіс.
Еске сала кетсек, осы жылдың тамыз айында Семей қаласының кәріз дюкерінен Ертіс өзеніне қалдық судың ағып кеткені туралы хабар шыққан еді. Бірақ кейін бұл мәлімет расталған жоқ.
Ал мамандар бұл жолы Курчатов қаласында жарылған құбырда жиналған кір су өзенге құйылып кетсе, оны шаруашылық пен ауызсуда қолданатын тұрғындардың денсаулығына кері әсер тигізуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.