Ертістің суы бесқарағайлықтарды әбігерге салды

944

Ертістің суы бесқарағайлықтарды әбігерге салды

Ертістің суы Семей-Долонь жолының 32 шақырымына жайылып, жол жабылған. Соның салдарынан Бесқарағай ауданына қарасты Бірлік ауылынан 18 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Үйіне су жайылған адамдардың барлығы Глухов ауылының мектебіне орналасты. Аталмыш ауыл халқына да тасқын күшейген жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді.

"Бірлік ауылында 38 үй бар. Оларда 116 адам тұрады. Ауылды төтенше жағдай мамандары бақылауға алып, күзет қойылды" - делінген департамент таратқан ақпаратта.

Кеше осы аудандағы Кривин ауылының тұсында Ертістің мұзын жару жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда Бесқарағай ауданы бойынша 40 құтқарушы мен 13 техника, 4 қайық апатпен күреске дайын тұр.

Ал Зырян ауданында әлі 72 үйді судан арылту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен тәулікте үйлерден 47 мың текше метр су шығарылған. Бұған дейін облыстың әкімі Даниал Ахметов Зырян қаласынан 2 млн текше метр су сорғыту қажеттігін айтқан болатын.

Осы ауданның Тұрғысын ауылында тасыған судың арнасы кеңейтілсе, Чапаев ауылында дамбаны биіктету жұмыстары қарқын алуда. Андреев ауылында су шайған көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Семейде де су сорғыту жұмыстары жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу