"Әрине, нақты бір курстар берсек, ол бір мәселе. Одан адам бірден қаржылық тұрғыдан сауатты болып кетсе жақсы. Дегенмен де, банкротқа ұшырағаннан кейін оның салдарын түсіну керек. Халықтың арасында банкрот деген жақсы сөз емес қой. Дегенмен де, бұл курстарға көп қаражат бөлінбейді. Себебі мен агенттіктің басшылығына хабарластым. Оларда дайын бейнероликтер мен контент бар. Соларды пайдаланып және қандай да бір сұрақтар немесе тест арқылы азаматтардың қаржылық сауаттылығын тексеріп, қандай курстан өту керек – соған нұсқау берілмек. Ол үшін көп ақша керек емес. Негізінен, біз Интернеттің мүмкіндігін пайдаланып үйретеміз. (...) Біздің мақсатымыз – халықты әрі қарай қарызға батырмаудың амалын ойластыру. Тоқтату бір бөлек, әрі қарай да өмір бар ғой", - деді ол.
"Халықтың несиеге батып кетуін жоғары инфляция мен адамдардың негізгі қажеттіліктерін өтеуге ақшасының жетпеуімен байланыстыруға бола ма?" деп сұрады БАҚ өкілдері ведомство басшысынан.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, олардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданғанын жазған болатынбыз.