Ержан Бабақұмаровтың өлімі: Сот жабық режимде өтетін болды

412

Судья сот процесінде марқұмның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында жабық формат таңдалғанын айтты.  

Ержан Бабақұмаровтың өлімі: Сот жабық режимде өтетін болды Фото: ortcom.kz

Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі – "Адам өлтіру" бойынша жүргізіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұдан бұрын Астана сотының баспасөз қызметі істің материалдары Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа түскенін хабарлаған еді. Істі судья Айжан Көлбаева қарайды. Көлбаева бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты атышулы сот процесінде кәсіби қабілетімен көпшілікке жақсы таныс.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Ержан Бабақұмаров 36 жастағы танысымен сөзге келіп қалған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол төбелес салдарынан мерт болған.

Ержан Бабақұмаров 2004 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етті. Ол Президент Әкімшілігі мен Үкімет құрылымдарында бірқатар жоғары лауазымдарды атқарған: мәдениет және ақпарат вице-министрі болды, министрліктің жауапты хатшысы қызметін атқарды, Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, сондай-ақ президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2019-2022 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. 

Кеше Астанада оның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдаулары өтті. Іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық форматта қаралмақ.

"Оның артында 16 және 12 жастағы екі баласы қалды. Сондай-ақ, бұл іс адам өміріне қарсы аса ауыр қылмыстарға қатысты болғандықтан, қылмыстың сипаты мен жасалу тәсілдерінің БАҚ-та ашық жариялануы қоғамда кең талқылауға себеп болуы мүмкін", – деп ескертті судья Айжан Көлбаева. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу