Бүгін Қарағанды облыстық ХҚО-сының №3 бөлімінде жұртшылыққа спорт жұлдыздары қызмет көрсетті.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облыстық филиалының шақыруына қазақ күресінен "Қазақстан барысы-2018" республикалық турнирінің чемпионы Ержан Шынкеев, самбодан әлем чемпионы Бейімбет Қанжанов үн қатып, ХҚКО қызметкерлері қатарында келушілерді қабылдады. Айтқандай, қызмет алушыларды облыстық ХҚКО алдында шоумен Айбат Никулин қарсы алып, электрондық қызметтердің тиімділігі туралы ақпаратты қызықты түсіндіруге тырысты.
Спорт жұлдыздары болса, халықтың мемлекеттік қызмет алуына көмектесіп, кеңес-консультациялар берді, сондай-ақ азаматтарға электрондық кезек талонын таратумен де айналысты.
Қазақ күресінің чемпионы ХҚКО мамандарының күнделікті жұмысы балуанның боз кілемдегі күресінен де қиындау екенін мойындады.
"Мен әрине, халықпен жұмыс істеу оңайға түспесін сезгенмін, бірақ осыншалықты қиын екенін тек бүгін түсіндім. Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы болу үшін кәсіпқой әрі білімді болу сыртында, сауатты түрде даярлану керек екен. Бүгінгі акция арқасында біраз анықтаманы, қызметтердің көбін мына жерге келмей-ақ, үйде отырып электронды үкімет порталынан алуға болатын білдім", – деп ағынан жарылды Ержан Шынкеев.
Өз кезегінде қызмет алушылар "жаңа мамандардың" кім екенін тани қойып, спорт жұлдыздарынан кеңес алумен шектелмей, суретке түсу мүмкіндігін де құр жібермеді.
"Жұлдыздардың ХҚО-дағы бір күні" республикалық акциясы Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ХҚО-ларында жүруде. Оның аясында елге танымал тұлғалар, эстрада жұлдыздары, шоу-бизнес өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, шенеуніктер, спортшылар осы орталықтардың қызметкерлері рөлінде азаматтарды қабылдап, қызмет көрсетеді.
Акция барысында танымал тұлғаларды тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеріп, электрондық қызметтерді алуға үйретуге күш салынады. Әсіресе EgovKzBot телеграмм-боты арқылы электрондық анықтамаларды алу, автокөлікті онлайн тіркеу, бала тууға байланысты проактивті қызметтер жайы кеңінен насихатталуда.
"Азаматтарға арналған үкіметтің" Қарағанды облысы бойынша филиалына қарасты 34 кеңсесінде жұмыс істейтін 700-ден астам маман аптаның алты күнінде таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін азаматтарға мемлекеттік қызметтер ұсынады.