Құрылыс компаниясы әл-Фараби даңғылынан бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 шақырымдық аумақты ретке келтірілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алматы әкімдігі елдегі ірі құрылыс компанияларының бірін Есентай өзенінің бойын абаттандыру бойынша ауқымды жобаға тартқанын мәлімдеді.
"Жобаның мақсаты – қаланың жоғарғы және төменгі бөлігін біріктіретін заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезең – әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі учаскеде абаттандыру жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған", – делінген әкімдік хабарламасында.
Есентай өзенінің бойындағы аймақ ерекше әлеуетке ие. Өзен арнасы жасыл белдеулерді, тұрғын үй кешендерін, студенттік кампустарды кесіп өтеді әрі мәдени-спорттық нысандарға жақын орналасқан.
Арна бойындағы бос жатқан жерлер қосымша көгалдандыру мен жаңа скверлер жасауға мүмкіндік беріп, қаланың демалыс пен туризм тұрғысынан тартымдылығын арттыра түседі.
Алматы әкімдігі қала кеңістігін дамыту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында әлеуметтік жауапты бизнесті тарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра беретінін атап өткен.
Бұған дейін Алматыда Орталық стадион мен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы жаңғыртылатынын хабарлағанбыз.