Соңғы 2 жылда шығынмен жұмыс істеп жатқан "Қазагро" холдингі бірқатар заңсыздыққа жол берген. Бұл аудиторлық тексеріс кезінде анықталды, деп хабарлайды Atameken Business.
"Холдинг есептерін бақылау арқылы немқұрайлықтың барын байқауға болады. Ұйымдастыру дұрыс жүргізілмеген. Активтерді тиімсіз игеру салдарынан компания 2017 жылы 126 млрд теңге, 2018 жылы 119 млрд теңге шығынмен аяқтады",–дейді есеп комитетінің мүшесі Халида Қамбарова.
Алайда осындай шығындарға қарамастан, компания екі жыл бойы қызметкерлеріне 4,3 млрд теңге көлемінде сыйақы беріп келген.
"Осы уақытқа дейін "Қазагро" қызметкерлеріне қосымша сыйақы беріліп келген емес. Холдингтің еншілес ұйымдары өте табысты жұмыс істейді. Заң бойынша оларға сыйақы беруге құқылымыз. Сол арқылы біз білікті мамандарымызды сақтап қалып отырмыз", – дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Мамандарымызды солай сақтап отырмыз дегенімен, компания өзінің еншілес 3 ұйымын жабуды ұйғарыпты. Осылайша қызметкерлер штаты 25 пайызға қысқартылмақ.