Өскеменде 50 отбасы брондаған тұрғын үй құрылысы кешігіп жатыр. Компанияға халық 737 млн теңге төлеп қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов келтірген мәліметтерге қарағанда, құрылыс мердігері – "Дейнека" ЖШС. Олардан жеті тұрғын қаражаттарын қайтарып алған. 13 адам сотқа талап арыз берген. 17 отбасы ақшаны өз еркімен қайтаруды сұрайды. Ал тағы 13 адам құрылысты аяқтауды талап етеді.
"Алайда, компанияның шотында ақша жоқ, яғни объектіні аяқтауға қаржысы жоқ. Олар тоғыз қабатты үйді үш позицияда салып жатыр. Біреуін 6 қабат қылып аяқтағылары келетінін айтты. Бұл деген келісімшартты және жобалау-сметалық құжаттаманы тікелей бұзу. Аудиттен кейін жұмыстарды орындамау фактілері анықталды, бір ұстаным бойынша шартты бұзу және залалдарды өтеу туралы талап арыз берілді, сонымен қатар ӘКК сот-құрылыс сараптамасын жүргізу туралы өтінішхат берді. Енді бұл компания мемлекетті және оның серіктестерін қайтадан алдамайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан біз "Дейнека" фирмасы барлық қатысушылармен брондау шарттарын бұзып, адамдарға ақшаны толығымен қайтарып беруін талап етеміз, - деді Ахметов.