"Еш даярлықсыз барғандай": Бақыт Сәрсекбаев қазақ боксшыларын сынады

543

Боксшылар қандай қателік жіберді.

"Еш даярлықсыз барғандай": Бақыт Сәрсекбаев қазақ боксшыларын сынады Фото: Олимпик.кз

Бокстан Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Париж олимпиадасында бокстан сынға түскен спортшыларымыздың әлеуеті төмен болғанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы ол "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында айтты.  

"Еліміздің боксшылары төртжылдықтың басты додасына еш даярлықсыз барғандай әсер қалдырды. Жігіттердің физикасы нашар, техникалары әлсіз. Әр боксшының сойып түсіретіндей өзіне тән сойқан соққысы болуы тиіс. Мен оны байқамадым. Соққылар комбинациясын мүлдем көрмедім. Бәсеке барысында жерлестеріміз қолдарын бір-екі рет сілтеумен ғана шектеледі. Одан әріге бармайды. Қарымта шабуыл дұрыс ұйымдастырылмайды. Тұтқиылдан соққы жасау деген мүлдем жоқ. Әр эпизодта қандастарымыздың қандай әрекетке баратынын қарсыластары алдын ала біліп отырғандай. Жақын қашықтықта жұмыс істей алмайды", – дейді олимпиада чемпионы.

Бақыт Сәрсекбаевтың айтуынша, бұндай кемшіліктер оқу-жаттығу жиындарының дұрыс өткізілмегендігінен көрінеді.

"Александр Хижнякқа қарсы кездесуде Нұрбек Оралбай сондай қателікке ұрынды. Шыны керек, 80 кг салмақтың финалы өте шиеленісті өтетін шығар деп ойладық. Ол үміт ақталмады. Мұхамедсабыр Базарбайұлының жеңіске деген талпынысы ұнады. Бірақ, оның да мүмкіндігі шектеулі. Одан да жақсы нәтиже көрсетуге жас жігіттің шама-шарқы жетпеді. Басқа боксшылар да жігер көрсетпеді. Соның барлығы да оқу-жаттығу жиындарының дұрыс өткізілмегендігінің салдары", – деді Бақыт Сәрсекбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу