Сот процесінде өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің оқиға күні еш шок жағдайда болмағанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрметті сот, біз бұл процеске ақ пен қараны айыру, шындықты қалпына келтіру, әділетті орнату үшін жиналдық. Алайда шындыққа жету жолында әдейі адастыруға тырысатын тұлғалар бар екенін көріп отырмыз", – деген Дана Сәрсенбай оқиғадағы қос қыздың жалған куәлік бергенін жеткізді.
– Атап айтқанда, сот отырысында Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қылмыс жасаған сәтте оқиға орнында болғандарын растағанымен, өздерін шок жағдайында болғанын, кейбір жағдайды көрмегендерін, құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндігі болмағанын, себебі қорқыныш күйінде болғанын айтты. Олар өз сөзінде қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері кавтокөлікте болғанын айтқан. Алайда тергеу барысында алынған нақты деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады. Біз зерделеген бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өзін еркін, дөрекі және ең бастысы болған қырғын оқиғаға қарамастан, ешбір уайымсыз сотталушылармен бірге көңілді отырғаны байқалады, – деді прокурор.
Сонымен қатар, прокурор Арлан Қазыкенов пен Юлдаш Розыбакиевке қатысты да осындай өтініш жасаған.
– Сотта сұралған куә ретінде Арлан Қазыкенов пен Юлдаш Розыбакиевке қатысты процессуалды шара қабылдау үшін жеке қаулы шығарып, Алматы облысы полиция департаментіне жолдауды сұраймын, – деп қос кетті Дана Сәрсенбай.
Бұған дейін прокурор Шерзат ісіндегі күдіктілерге 1,6 жылдан 23 жылға дейінгі жазаны сұраған болатын.