Оқиға Жароков пен Абай көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дәлірек айтқанда су "Алатау" метро станциясының жерасты өткелін басқан.
Әлеуметтік желілерде оқиға куәгерлері жариялаған мәліметке сай, жаңбырдан кейін жаяу жүргіншілер аймағына су жиналып, "Алатау" метро станциясына түсетін баспалдақ арқылы төмен қарай аққан.

Сондай-ақ, алматылықтар көшелерді жөндеу кезінде арықтардың жабылуына байланысты жаңбыр суы жол бойында жиналып қалатынын айтып, шағымданған. Соның салдарынан жолмен өтіп бара жатқан көліктер жаяу жүргіншілерге су шашады.
Алматы метросының баспасөз қызметі станцияны су басу себебіне қатысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, қаланың су бұру жүйесі шамадан тыс толып кетуіне байланысты Абай даңғылынан төмен орналасқан "Алатау" станциясының солтүстік жерасты жаяу жүргіншілер өткелін су басқан.
Қазір метро қызметкерлері жиналған суды сорып, аумақты тазалап жатыр. Су басу салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
Метро әкімшілігінің хабарлауынша, станция әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр. Жолаушылар үшін ешқандай шектеу енгізілмеген.