Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі су тасқыны бойынша жағдайға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Облыста күрделі су тасқыны жағдайы әлі де сақталып отыр. Ресей Федерациясы тарапынан Жайық өзеніне судың келуі тоқтамаған. Қауіпті межеден асып, түнгі сағат он екіде 865 см-ді құрап, таңертеңгі сағат 08.00-де 1 см-ге төмен түсті. Жайық өзенінің деңгейінің артуына байланысты Шаған өзеніне керу ағу жүріп жатыр. Шаған су қоймасының нақты толу 32 млн текше метр немесе жобалық көлемнен 169 пайызды құрап отыр. Су тіреуіне байланысты Шаған өзенінің деңгейі ұлғаюда", - деді аймақ басшысы Үкімет отырысында.
Сөзінше, Орал аумақтарының бөлігін қайта су басу орын алуда.
Нариман Төреғалиев Жайық өзені бойында орналасқан 4 аудан мен Орал қаласындағы 140 мектеп қашықтықтан оқыту форматына көшкенін жеткізді.
"Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары қазір ғана эвакуациялау жөнінде айтты. Мен де бірнеше рет айттым. Мәжбүрлі түрде адамдарды көшіру керек. Полициямен бірлесіп, үйлердің бәрін аралап көшіріңіздер. Ешкім қалып қалмасын", - деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев "солай жасап жатырмыз" деп қысқа қайырды.