Петропавлда Еуропаның шағын бөлшегі пайда болды. Есілдің жағасындағы орманды, көк желең жерінде халықаралық стандартқа сай байссейн мен қонақ үйлері бар "Гринвуд" демалыс орны ашылды. "Қазиқанов және К" компаниясының байырғы арманы "Даму" қоры мен "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасының арқасында жүзеге асты, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
Демалыс аймағы Есіл өзені мен Алакөлдің жанындағы Қарғалы аралында орналасқан. Айналасы қайың мен қарағай көмкерген көлеңкелі, көркем мекен. Кеңес кезінде бұл маңда пионер лагерлері болған. Қала орталығынан 15 минуттық жерде орналасқан. Қысқасын қайтқанда, бизнес жасауға ең қолайлы орын.
Алайда осындай кәделі жердің кеңеюіне қаржылық тапшылық үнемі қолбайлау бола беретін. Мысалы орталықтың жөндеу жұмыстары 2014 жылы басталған. Дәл осы кезде "Даму" қорының көмегін дер кезінде пайдаланып, бір жыл ішінде екі салтанатты корпус пен мейрамхана және жылыту функциясы бар ашық бассейн салынды.
"Біз "Бизнестің жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасы бойынша 29 млн теңге алдық. Өткен жылдың ақпан айынан бастап құрылыс жүргізе бастадық. Екі көне ғимаратты аумағы 1000 және 240 ш.м болатын қонақ үйге айналдырып, оның біреуіне мейрамхана орналастырдық. Ашық аспан астында жылыту құралдары бар, өздігінен тазаланатын 300 шаршы метрлік бассейн салдық. Барлығын халықаралық стандартқа сай етіп, ерекше стильде жасауға тырыстық. Сондықтан да болар, қонақтарымыз өздерін Швейцарияда жүргендей сезінетіндіктерін жиі айтады", – дейді құрылтайшылардың бірі Сергей Шенкнехт.
Құрылтайшылар жаңа үйленгендерге арнап тағы бір ғимарат салатындарын айтады. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы арқылы тың серпін алған компания демалыс орнын 2019 жылы толық жаңарып болатынын айтады.
"Қазиқанов және К" ЖШС-нің "Демалыс орнын жаңарту" жобасы "Asia Credit Bank" АҚ арқылы несие алып, "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында субсидияны пайдаланды. Нәтижесінде жылына 7 пайыздық үстемақымен ғана несие өтейді.
Жалпы СҚО бойынша 2016 жылы аталған бағдарлама шеңберінде жалпы құны 1 млрд теңге болатын 200 жоба субсидияланған.