Бүгін Астанада қала әкімдігінің қолдауымен Есіл өзенінің кеме жүретін учаскесіндегі оныншы навигацияның салтанатты түрде ашылуы болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кеменің дәстүрлі түрде алғашқы жолаушылары "Нұрлы жүрек" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері болды. Ресми бөлімнен кейін мүмкіндігі шектеулі балалар теплоходпен тегін қыдырып келді.
"Есіл-Астана" МКҚК директоры Қанат Алиннің айтуынша, биыл астанада өзенде алты жолаушы кемесі тасымалдайтын болады.
"Дәстүрлі навигация кезінде астана тұрғындары мен қонақтары су көлігінің қызметін пайдалана алады. 2009 жылы бізде бар болғаны 5 кеме болса, бүгінде олардың саны 14-ке жетті, оның 6 кемесі жолаушыларға қызмет етеді. Олардың жалпы сыйымдылығы 265 орынды құрайды", – деді ол.
Айта кетейік, Амфитеатр ауданындағы жаяу жүргіншілер көпірін салу бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты, Астана әкімдігі уақытша қозғалыс схемасын бекітті: отырғызу Кенесары ескерткішінен төменде орналасқан ротондадан – су реттейтін плотина – Амфитеатр – Кенесары ескерткішінен төмен орналасқан ротондаға өзгертілді.
Маршруттың ұзақтығы 3 км, ал уақыты 25-30 минут. Өзенде саяхаттаудың экскурсиялық-қыдыру қызметінің бағасы ересектер үшін – 500 теңге, балалар үшін – 250 теңге.
Көпір құрылысы жөнделгеннен кейін "Астана-Есіл" қайтадан бұрынғы бекітілген маршрут бойынша Кенесары ескерткішінен Ақордаға дейін қашықтығы 18,8 км жолаушылар тасымалдайды. Үлкендерге – 1000 теңге, балаларға – 500 теңге.
Есіл өзеніндегі навигация маусысы 31 қазанға дейін жалғасады.