Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов жедел штабтың мүшелерiмен бiрге Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының аумағын тiкұшақпен аспаннан бақылады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Ұшу барысында судың жайылу аумағы зерттелдi.
Жаз айларында Есiл өзенiнiң енi ең көп дегенде 50 метрдей ғана болады. Аумақты бақылау кезiнде Есiл өзенiнiң арнасы 10 шақырымға созылғанын, су деңгейi 9 метрге көтерiлгенiн көрсеттi. Судың ең көп құйылған жерi Бескөл ауылы мен Былғары зауыты ауданы болып отыр.
"Кеше Петропавл қаласында төтенше жағдай режімi жарияланды, бүгiн Қызылжар ауданында төтенше жағдай жариялап отырмыз. Өткен тәулiкте Есiл өзенiнiң деңгейi 34 сантиметрге көтерiлдi. Облыста 171 үйге су кiрдi, ал су басқан аулалар одан көбiрек. Су тасқынынан зардап шеккен үйлер негiзiнен Былғары зауыты аумағында, Заречный кентiнде және Қызылжар ауданында орналасқан", — дейдi Құмар Ақсақалов.
Өңiр басшысы тұрғындарды қауiпсiз жерге көшiру жалғасып жатқанын, құтқару жұмысы түнде де жүргiзiлетiнiн айтты. Ешкiм зардап шекпес үшiн қажеттi жағдайдың бәрi жасалады.
"Бүгiн Есiл өзенiне тағы су құйылады деп күтіп отырмыз. Су тоқтағаннан кейiн, елдiмекенге су кiрген учаскелердi жабамыз. Содан кейiн ондағы суды бар күш-жiгермен сора бастаймыз. Бұл бағытқа барлық техника жұмылдырылады", — дейдi облыс әкімі.