Көп мөлшердегі су табиғатты қорғау мақсатында Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасынан жіберіліп отыр.
Бұл жыл сайын жүргізілетін санитарлық және табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберулер Есіл өзенінің аңғарындағы флора мен фаунаның тіршілік ортасын және биологиялық алуан түрлілікті сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар, бұл су ағызулар өзен арнасын тазартуға да өз септігін тигізбек.
Есіл бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиннің сөзінше, бұл қадам экологияны сақтауға көп көмектеседі. Әрі халықтың әл-ауқатын көтеруге де өз үлесін қосады.
– Бүгінде Есілдің орта ағысында балықтардың табиғи уылдырық шашатын жерлері суға толып тұр. Табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберулер экологияны сақтауға, өңірдегі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға оң әсер етеді, – деді ол.