Солтүстіктегі Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандар судан келер қауіпке қарсы тұру үшін тынбай еңбек етіп, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Ал облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тепличное ауылындағы бөгеттің нығайтылып жатқанын жеткізді.
Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Тасқынның шарықтау шегі облыс орталығына жетті. Петропавлда өзен деңгейі өткен тәулікте 31 сантиметрге көтерілді. Мамандар бұл қалыпты көрсеткіш екенін айтты. Заречный кенті мен Прибрежное ауылы су құрсауында қалды. Тұрғындар арнайы техниканың көмегімен қатынап жүр.
– Тепличное ауылында елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс бөгетін нығайту бойынша алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстар түнде де жалғасты. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық гвардия және жергілікті атқарушы органдардың 900-ден астам қызметкері жұмылдырылған. Су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда, – деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.