Іс-шараны Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері аудан әкімдігі мамандарымен бірлесіп өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Рейд барысында полиция көшелерді, аулаларды, қоғамдық кеңістіктер мен тұрғындар көп жиналатын демалыс орындарын патрульдеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Сарыарқа аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Асхат Жұмағалиевтің айтуынша, рейд кезінде тұрғындар мен қала қонақтарына санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындарды ластамау және қала мүлкіне ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ерекше назар қоқысты белгіленбеген жерлерге тастау, қоғамдық аумақтарды ластау, темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін пайдалану, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің алдын алуға аударылды.
Полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, ақпараттық жадынамалар таратты. Сонымен бірге, тазалықты сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені ескертілді.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мұндай профилактикалық рейдтер Астананың барлық алты ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтауға және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.