Есірткі қылмыстары толығымен киберкеңістікке өтті – ІІМ

304

Ведомствоның хабарлауынша, есірткі тұтынушылар арасында "Телеграм" мессенджері танымал.

Есірткі қылмыстары толығымен киберкеңістікке өтті – ІІМ Фото: СР

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Мәжілісте өткен Үкімет сағатынесірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Дүние жүзінде мыңнан астам есірткі түрі бар. Қазақстанда шамамен 700-ге жуық есірткі немесе аналогтар бар. Елдегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді: каннабис шикізаты; "Солтүстік бағыт" арқылы өтетін ауған героині; синтетикалық есірткінің таралуы", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда "синтетикалық есірткіні" тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өсті. 

"Қазір есірткі қылмыстары толығымен кибер-кеңістікке қарай өтті. Бұл ретте "крипто-кошелек", "мессенджер" және басқа да инновациялар қолданылуда. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. "Киберқадағалау" жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Есірткі тұтынушылар арасында "Телеграм" мессенджері басым танымал. Есірткі таратушылар бір-бірін танымайды, барлық байланыс түрлері "боттар" арқылы жүргізіледі", - деді ведомство басшысы.

Жыл басынан бері чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан астам ақпараттандыру нысандары әрекеттерінің жолы кесілген.

"Телеграмда" 1,3 мың интернет-дүкен жабылды. Биыл 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. 14 топ қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде 13-і шет елдердің азаматтары. Олардан шамамен 100 кг "синтетика", 85 тоннадан астам прекурсор, 13 реактор және 1 мыңнан астам зертханалық құрал-жабдық тәркіленді. Құқық қорғау және арнайы органдармен барлығы 75 жасырын есірткі зертханасы жойылды. 100 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. 8 тоннадан астам тұтынуға дайын заттар өндірісінің жолы кесілді. Бұл – шамамен 25 млн бір реттік доза және мыңдаған аман қалған адамның өмірі", - деді Саденов.

Министр жыл сайын маусымнан қазанға дейін "Қарасора" операциясы өткізілетінін баса айтты.

"Есірткі егістерін анықтау үшін тікұшақ техникасы, өтімділігі жоғары көлік, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары қолданылады. Былтырдан бері жер бетін ғарыштан алдын ала тексеру жүргізілуде. Жыл сайын осы іс-шара шеңберінде 15 тоннадан 20 тоннаға дейін есірткі тәркіленеді. Биыл бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда болмаған ең жоғары шегіне жетті: шамамен 37 тонна тәркіленді", - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу