Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты синтетикалық есірткі заттарын өндіру және өткізуге қатысы бар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іске 7 шетел азаматы тартылған.
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция үш жасырын есірткі зертханасын анықтады. Тінту барысында 90 кг-дан астам дайын синтетикалық психотроптық заттар, 1 тоннадан аса прекурсорлар мен химиялық компоненттер, сондай-ақ өндірістік құрал-жабдықтар тәркіленді.
Мамандардың бағалауынша, тәркіленген заттардың қара нарықтағы құны 1,5 млрд теңгеден асады.
Сотта мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Нәтижесінде сот оларға 19 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сотталғандарға тиесілі 3 тұрғын үй мен автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Алматы қаласы мен Алматы облысында кең көлемде таралуы мүмкін болған есірткі желісінің қызметі тоқтатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.