Есірткі өсірген 52 қазақстандық ұсталды

961

Елде есірткі өсірген 52 тұрғын ұсталды. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Еркін Тұңғышбай айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Есірткі өсірген 52 қазақстандық ұсталды

Басшының айтуынша, 10 айда өңірде 169 есірткі қылмысы тіркелген.

"Оның 10 дерегі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 22 дерек – есірткі сату, 41 дерек – есірткі өсіру, Сондай-ақ заңсыз айналымнан 143 келі есірткі заты тәркіленді. Оның 352 грамы – синтетикалық есірткі", – деді Еркін Тұңғышбай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол облыста есірткіні насихаттау және жарнамалардың 2 дерегі тіркеліп, олар дер кезінде жойылғанын атап өтті.

"Облыс орталығында синтетикалық есірткі жасырылған 75 орын анықталды. Олар бойынша 3 қылмыстық теріс қылық тіркеліп, 72 дерек бойынша сараптама тағайындалды. Осылайша, іс-шаралардың барысында бұл қылмысты жасаған қала тұрғыны ұсталды", – деді полиция басшысы.

Сондай-ақ Еркін Тұңғышбай 1 маусым – 30 қазанда республика аумағында өткізілген "Қарасора-2021" жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысына тоқталды.

"Іс-шара аясында есірткі өсірудің 41 дерегі тіркелді. 16 дерек далалық аймақта, 25 дерек үй ауласынан және саяжайдан анықталды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 52 адам ұсталды. Барлығы 14 мың түптен асатын қарасора жойылды", – деді басшы.

Оның айтуынша, биыл тамыздан бастап құмды далалық аймақтарға 21 рет әуеден шолу жүргізілген. Нәтижесінде есірткі алқабының 8 дерегі, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 4 дерегі анықталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу