Есірткі саудасының басым бөлігі интернет арқылы жасалуда

872

Атырау облысында осындай 17 сайт анықталып, бұғатталды.  

Есірткі саудасының басым бөлігі интернет арқылы жасалуда

Атырау облысында есірткіні жарнамалайтын 17 сайт анықталып, бұғатталған. Қазіргі күні есірткі құралдары мен психотпроптық заттардың саны 350-ге дейін жеткен, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

"Аналитикалық мәліметтерге сәйкес, облысымызда есірткімен байланысты қылмыстардың өсімі орын алып отыр. Есірткі құралдары мен психотпроптық заттардың түрлері күннен күнге көбеюде. Қазіргі таңда олардың саны 350-ден астам. Тұтынушылардың басым бөлігі жастар контингенті. Біз үшін бұл үлкен проблемалық мәселе. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз. Бүгінгі күні есірткі саудасы және алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі ғаламтор арқылы жасалуда", – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында.

Белгілі болғандай, 2021 жылы облыс бойынша 127 қылмыс тіркеліп, заңсыз айналымнан 20 келіге жуық есірткі тәркіленген. Қазіргі таңда облыстық наркологиялық диспансерде 509 адам есепте тұр, оның ішінде 22 әйел адам, 1 кәмелетке толмаған бала бар. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен облыс орталығында синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан 27 тұлға анықталған.

Сондай-ақ жаңа психобелсенді заттарды және синтетикалық жолмен алынған басқа есірткілерді, оның ішінде ғаламтор желісін пайдалана отырып іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет арқылы есірткі жарнамалайтын 17 сайт анықталып, бұғатталған. Осы уақыт ішінде өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егіп өсірудің жеті алқабы анықталып, жойылыпты.

Сонымен бірге қызметтік іздестіру иттері арқылы ашылған қылмыстардың көрсеткіші де аз емес. Есепті кезеңде қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 366 қылмыс ашылған. Оның ішінде 156 ұрлық, 11 тонау, 3 қарақшылық, 28 есірткіге қатысты қылмыстар бар.

Айта кетейік, облыс көлемінде өткен жылы есірткіге ерте жастан тәуелді болудың алдын алу және жасөспірімдер арасында есірткі қылмыстарын болдырмау мақсатында 580 іс-шара өткізілген.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу