Жыл басталмай жатып өңірде есірткі заттарын сақтаған және таратқан фактілер жиілеген. Бүгінге дейін барлығы 102 есірткі қылмысы тіркелді. Есірткінің көп таралған түрі – каннабис. Ал ол өңірде өсетін жабайы қарасорадан алынатын болғандықтан, қолжетімді болатыны түсінікті.
Сонымен есірткі саудалап, оңай олжаға кенелгендер өз үйінде қанша көлемде психотроптық заттар сақтаған?
Заңсыз іс-әрекеті арқылы үлкен сомада сауда жасағандардың бірі – Шу қаласының 53 жастағы тұрғынынан 5 килограмм 375 грамм кептірілген марихуана және 240 грамм гашиш тәркіленген. Қылмысты құрықталған күннің ертесіне осы ауданнан Алматы облысының 35 жастағы өкілі ұсталды. Ол паналаған үйдің жақын маңындағы аумақты тексеру кезінде полиция жалпы салмағы 2 килограмм 790 грамм кептірілген марихуана салынған 3 полиэтилен пакетін тапты.
Ал Меркідегі қолға түскен есірткі саудалаушының жасы – 37-де. Ол 1 келіден астам гашиш сақтаған. Сатуға ыңғайлы әрі жұрт назарын аудармайтындай етіп, оны шайба сияқты орап алып жүрген. Меркі ауданың тұрғынынан осындай шайбалардың барлығы 74 данасы табылды. Олардың әрқайсысының салмағы шамамен 20 грамм, 20 дозаға есептелген.
Заңсыз психотроптық дәрі-дәрмектердің үлкен көлемін үйінде сақтаған 48 жастағы Шу ауданының тұрғыны бәрінен асып түскен. Оның қорасынан табылған есірткі заттарының салмағы шамамен 60 келіге жуық.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұржан Рахметоллаев күдіктінің сейфіне тінту жүргізу кезінде тағы да басқа өзіне тән иісі бар ұсақталған түрдегі өсімдік тектес зат салынған қап пен үш полиэтилен пакет табылғанын айтты. Ал шабындықтың астындағы аулада каннабисті ұсақтауға арналған елек табылған.
Сот-химиялық сараптамалар тәркіленген гашиштің жалпы салмағы 16 келі 190 грамм, ал марихуана 39 келі 870 грамм екенін анықтады.
Ал 34 жастағы Тараз қаласының тұрғыны жалпы салмағы 770 грамнан асатын "Альфа PVP" затын жасырып сақтап келіпті. Қазір осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі – есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыскердің синтетикалық есірткілерді аса ірі мөлшерде өткізгені үшін мүлкі тәркіленді. Енді оған 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Ұсталғандардың барлығы қылмысын мойындаған. Осы фактілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі – аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді оларға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ардақ Үсейінова