VIII сайланған Парламенті Мәжілісінің жанындағы қоғамдық палатаның мүшесі Әміржан Қосан есірткі пайдаланатындардың үлесін анықтау мақсатында ЖОО-лардағы студенттерді тесттен өткізу туралы ұсыныс тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мен маман емеспін. Бірақ елдің жағдайын, әсіресе есірткіге байланысты трагедиялық оқиғаларды біліп отырмыз. Меніңше, есірткі бүкіл ғана Қазақстанның емес, халықаралық проблема. Заңнамада, практикада халықаралық стандарттар бар. БҰҰ-ның есірткіге қатысты тиісті басқармасы бар. Біздің жоба сол ұйымның сараптамасынан өтті ме? Екіншіден, радикалды қадамдар керек сияқты. Яғни мұнда терапия жеткіліксіз. Қазір Қазақстандағы есірткіні пайдалану жағдайы шынымен қандай екенін білу үшін еркінен тыс болса да, барлық ЖОО-лардағы студенттерді есірткі пайдалана ма, пайдаланбай ма деген тесттен өткізуге қалай қарайсыздар?", - деді қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосан Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.
Оның айтуынша, осы арқылы елдегі есірткіге қатысты нақты ахуалды білуге болады.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев тиісті ұсынысты қолдауға дайын екенін жеткізді.
"Ол да дұрыс шығар. Мысалы, біз өз саламызда алдыңғы жылдан бастап қызметкерлердің бәрін есірткіге скринингтен өткізіп жатырмыз. Бір саладан басқа салаға, бір қызметтен екінші қызметке ауысқанда, лауазымы жоғарылағанда, қызметкерлеріміз міндетті түрде осындай скринингтен өтеді. Шындыққа келсек, арасында кездеседі де, табылып жатады. Ұсыныс жақсы. Біз оны қолдар едік", - деді ведомство өкілі.
Марат Қожаев студенттер мен мектеп оқушыларын наркоскринингтен өткізу үшін қомақты қаражат қажет екенін де жасырмады.