Алматы полициясы есірткі заттарын заңсыз жарнамалаған үш колледж студентін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Студенттер "Допинг" есірткі заттарын таратудың алдын алу шарасы барысында анықталған.
"Біздің қызметкерлер "Скорость - Papa Hais Operator" деген жазумен есірткі және психотропты заттарды жарнамалады деген күдікпен үш колледж студенттерін ұстады. Олар Әуезов ауданындағы үйлердің қабырғаларына трафарет және қара түсті спрей-бояулармен есірткі туралы ақпараттар жазып отырған. Студенттерге әр жазу үшін 500 теңге төлеу уәде етілген", - деді қалалық полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әлмағамбетов.
Тәртіп сақшылары есірткі туралы ақпараттарды көрген жағдайда полицияға "+7 708 300 0611, +7 776 088 8820 нөмірлеріне) бірден хабар беруді сұрайды. Сонымен қатар, полиция ата-аналарға бұл ақпаратты балалардың оқуына жол бермеуге кеңес береді.