Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– 2025 жылдың қазанынан ҰҚК есірткі саудасының жолын кесуге қатысты 10 операция жүргізді, нәтижесінде есірткіні жеткізудің 3 халықаралық және 3 аймақтық арнасы, сондай-ақ жерасты зертханасы мен есірткі плантациясы жойылды, – делінген ресми мәлімдемеде.

Осы уақыт аралығында заңсыз айналымнан 622 келі есірткі, соның арасында психотроптық заттар, гашиш және марихуана тәркіленген.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл құқықбұзушылықтарды жасады деген күдікпен 12 Қазақстан азаматы және 3 шетелдік қамауға алынып отыр.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.