Есіл өзенінің жағалауында орналасқан қалалық амфитеатр сахнасында есірткіге қарсы күрес күніне орай қаланың шығармашылық ұжымдары концерт қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі профилактикалық іс-шарамен қатар Астанада "Денің сау болу – сәнде" атты концерт өткізілді.
"Жыл сайын әртүрлі есірткі заттарының саны артып келеді. Олар көпшілікке қолжетімді әрі кең таралып жатыр.
Есірткі – өмір сүру ұзақтығын қысқартатын, физикалық және психикалық денсаулықты бұзатын жаһандық мәселе.
Сондықтан да аурудың алдын алу және мамандардың кеңес беруі аса маңызды. Бүгінгі мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қалалық психикалық денсаулық орталығында мыңға жуық есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Жыл басынан бері 234 науқас стационарлық емдеуден өтті. Ал оның 16 пайызы ремиссия бойынша есептен шығарылды.
Іс-шара Астана әкімдігінің, елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының және қалалық полиция департаментінің қолдауымен өткізілді.