Есірткіні сұйық күйде тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды

1250

Елімізде  5 есірткі зертханасын құрған оннан астам күдікті ұсталды. 

Есірткіні сұйық күйде тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды

Заңсыз есірткі айналымын жүргізіп, талай тағдырды ойран еткен қылмыстық топты ұстау үшін Қарағанды полициясы ұзақ уақыт дайындалған. Оларды құрықтау үшін Полиция департаментінде арнайы тергеу тобы құрылыпты. Іздестіру жұмыстары барысында еліміздің бес өңірінде 5 есірткі зертханасын ашып, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырған оннан астам күдікті қолға түскен, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. 

"Қылмыстық істі тергеу барысында аталмыш есірткі зертханасы басшыларының  Қазақстаннан тысқары аумақта жүріп трансұлттық қылмыстық топты құрғандары анықталған. Олар Қазақстанда, Ресей Федерациясында, ТМД елдері мен шетелдерде  психотроптық заттарды жасау,тасымалдау, таратумен айналысқан.
Сондай-ақ олар Қазақстандағы бөлімшелерін "Телеграмм", "Сигнал" мессенджері арқылы басқарып, олардың жұмысын үйлестіріп отырған", – деп мәлімдеді Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин. 

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері шетелден Қазақстанға есірткі тасымалдайтын канал ойластырған. Олар логистикалық фирма арқылы тұрмыстық техникалардың, майлы радиаторлардың, өрт сөндіретін құрылғылардың ішіне есірткіні сұйық күйде құйып тасымалдаған. Сонымен қатар автокөлік майлары мен алкогольдік сусындар ретінде де есірткіні елге жеткізген. 

Қылмыстық топтан құрғақ және сұйық күйдегі синтетикалық есірткінің 70 келі дайын өнімін және 3,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленіпті. Трансұлттық ұйымдасқан топты ашып, басқару фактісіне қатысты ҚР ҚК 264-бабтың 1 және 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Арайлым Еркебаева 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу