Белгілі қазақстандық әнші-композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР Халық әртісін еске алуға арналған музыкалық кеште әртістер Ескендір Хасанғалиевтің репертуарынан әндер орындады.
Кештің құрметті қонағы ретінде оның жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы Біржан Хасанғалиев қатысты.
"Елорда әкімдігіне, сол сияқты ұйымдастырушыларға Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығын құрметтеп, осындай рухани концертті өткізгені үшін ерекше алғысымды білдіремін. Халық өнер мен шығармашылықты бағалаған кезде белгілі композитордың есімі өшпейтініне сенімдімін", – деп атап өтті Халық әртісі Дарико Хасанғалиева.
Композитор халқымыздың ән өнеріне үлкен үлес қосты. Оның авторлық шығармалары жұрт есінде мәңгі сақталмақ. Ол қазақ, орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне көптеген ән жазды. Сонымен қатар 200-ге жуық ән, романс және хор шығармаларын қойды. Ескендір Хасанғалиевке деген қазақ халқының құрметі ылғи да ерекше болып қала берері сөзсіз.
Концертте үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Нұрбол Балапанов, Әйгерім Ораз, Парасат Отан, Талғат Аллабириновтар, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Мұратбек Хайролда, Нұрбол Балапанов, Бақдәулет Жақыпов, Аружан Қойшықара және "Alem" эстрадалық би ансамблі, Ұлттық Ұланның "Құрмет" қарауыл ротасы өнер көрсетті.
Орындаушылар композитордың "Атамекен", "Есірмеген махаббат", "Әдемі-ау", "Туған жер", "Елігім еркем" әндері халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Іс-шара санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.