"Ескерткіштер елі": Қасым-Жомарт Тоқаев ата-бабасын ұлықтауды сұрайтындар көбейгенін айтты

464

Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды, деді Президент. 

"Ескерткіштер елі": Қасым-Жомарт Тоқаев ата-бабасын ұлықтауды сұрайтындар көбейгенін айтты Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан, шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған "Ескерткіштер елі" деп айтатын болды", - деді Президент.

Сондай-ақ, ол ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс екенін айтты.

"Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу