Жиналған көліктердің саны 123-ке жеткен. Қар құрсауында қалғандарға арнап үш жылыну бекеті ұйымдастырылған. Сондай-ақ, 86 адам жол бойындағы екі қонақ үйге орналастырылса, қалғандары мешітке жайғастырылды. Жергілікті билік оларға мектеп асханасында ас су әзірлеуде.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының 9 техникасы қарды тазалап үлгере алмағандықтан, төтенше жағдай, полиция және әкімдіктің тағы 8 техникасы көмектесуде. Ақтүтек боранның кесірінен кешеден бері бірқатар бағыттағы жолдар жабық. Айта кетерлігі, бұдан былай ауа райына қатысты ескертуді елемей жолға шыққандарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады.
"Ауа райы қолайсыздығына байланысты 3-қаңтар сағат 13:00-ден бастап Шідерті кентінен Ақмола және Қарағанды облыстарының шекарасына дейінгі жолдар және Қалқаман ауылынан Қарағанды шекарасына дейін тас жолдар жабылған болатын. Қазіргі таңда Шідерті өткізу пунктінде 123 бірлік техника және 233 адам жолдың ашылғанын күтіп тұр", дейді ТЖД басқарма бастығы Асқарбек Омаров.