Автоутилизация бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Енді істен шыққан көліктерін өткізген азаматтар отандық автомобильдерді сатып алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болады. Яғни, ол арқылы жаңа көлікті сатып аларда 630 мың теңгеге дейін үнемдей алады. Дәлірек айтқанда, 1 көлікке берілетін сертификаттың құны 315 мың теңге тұрады. Ал екі ескі көлік өткізгендер 2 сертификат алуға құқылы. Немесе бұл құжатты автомобильді несиеге рәсімдегенде алғашқы жарна ретінде қабылданады. Өскемендік өндіруші Азия Авто аталған жүйемен көлік сатуды бастады. Сатылымға шығарылған көліктер Евро-5 талабына сай келеді. Мысалы, Лада көлігінің құны 2,3 млн теңгені құрайды. Айта кетейік, автокөлікті утилизациясы бағдарламасы өткен жылдың қараша айында басталған. Оның мақсаты экологиялық тазалықты сақтау үшін ескі көліктердің көзін жою.
Санжар Әжіғалиев, Астана қалалық "АзияАвто" АҚ директорының орынбасары:
"Инвестициялар және даму министрлігі, оператор РОП және автоөндірушілер бірлесе отырып, бағдарламаның екінші кезеңінде жеңілдік беретін сертификаттар жасап шығарды. Біз, автоөндірушілер серіктес банктермен бірігіп, сертификат иелеріне жеңілдік жасаймыз немесе алғашқы жарна ретінде қабылдаймыз."