Республика күні қарсаңында елордалық Байқоңыр ауданында С.Торайғыров көшесі, 2-үйінің жанындағы аумақта жаңа саябақ ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл абаттандыру тұрғындар үшін көптен күткен оқиға болды.
Жұмыс барысында 3000 шаршы метр аумаққа асфальт төсеу, ал 2000 шаршы метрге тартан төсеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың жайлылығы үшін футбол алаңы, workout-аймақ, беседкалар мен урналар, сондай-ақ сәндік демалыс аймағы жабдықталған. Қосымша үлкен автотұрақ салынды. Сонымен қатар, жарықтандыру тіректері орнатылып, көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, – деп қосты ведомство.
Салтанатты іс-шара барысында аудан оқушылары концерттік бағдарлама, жаңа футбол алаңында балалар арасында турнир және ересектер арасында түрлі эстафеталар ұйымдастырды.
Биыл Астанада барлығы 170 аула мен саябақтар абаттандырылады. Қаланың барлық ауданы, соның ішінде тұрғын алаптарында да жөндеу жұмыстары жүргізілді.