26 маусымнан бастап тозығы жеткен көліктерді тапсырғандарға жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын беру бағдарламасы іске қосылады. ҚР энергетика министрлігінің тапсырмасымен жасалған бағдарламаны "ӨКМ Операторы" ЖШС ҚР инвестициялар және даму министрлігімен, отандық автоөндірушілермен бірге әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа бағдарлама талабы бойынша, жою үшін М1 санатындағы ескі жеңіл автокөліктен бастап, жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері қабылданады. Жоюға тапсырылатын көлік құралдарының шығарылған жылына, моделіне қатысты ешқандай шектеу жоқ. Жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері үшін жалғыз талап - М2, М3, N2, N3 санатындағы көлік құралдары техникалық жарамды болуы керек және барлық жабдықтар өз орнында болу тиіс.
Бағдарлама талабына сәйкес, ескі техниканы өткізушіге атаулы сертификат беріледі. Бұл сертификат Қазақстанда өндірілген көлікті сатып алғанда жеңілдік ретінде пайдаланылады. Жеңілдік беретін сертификаттың құны тапсырлатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында болады. Сертификат кез келген санаттағы отандық автокөлікті сатып алуға мүмкіндік береді. Онымен қоса, бір автокөлікті сатып алғанда 2 сертификатқа дейін пайдалануға мүмкіндік бар. Сертификатты қайтарып беруге және қолма қол ақшаға ауыстыруға болмайды. Ол тіркелген күннен бастап 12 ай ішінде жарамды.